Бір қарағанда экраннан қазақ сөзін көбірек естігендей боламыз, алайда бұл – алдамшы сезім. Шындап тыңдасақ, орыс тілін білгендіктен араластілді "қазақ" фильмдерінің қанша бөлігі орыс тілінде екеніне мән бермейді екенбіз.
Мысалы, "Бизнес по-казахски" фильмдеріндегі (режиссері Жеңісхан Момышев, продюсері Нұрлан Қоянбаев) кей кейіпкерлер (Мақпал, Бақдәулет, Еркош) қазақша сөйлейтін болып көрінгенімен, экрандағы сөйлеу уақытының 10-20 пайыздайы ғана қазақ тілінде. Екіншіден, аралас, не шала қазақ тіліндегі фильмдерде қазақ тілін келемежге, кемсітуге ұшырату анық байқалады.
Ең алдымен, осы қостілділік тәуелсіз Қазақстандағы киноэлитаның ойлап тапқаны екенін атап өту керек. Орыстандыру саясатын жүргізген совет кезінің өзінде қазақ фильмдері таза қазақ тілінде болды. Қазіргі қазақ киногерлері қоғамдағы деколонизациялық импульсқа жауап бере алып отыр ма? Біз отандық киноға осы тұрғыда үңілдік.
ҚАЗАҚСТАН ҚАЗАҚ ЕМЕС, ОРЫС ТІЛІНІҢ АЯСЫН КЕҢЕЙТУГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ
Статистика агенттігіне сенсек, қазақ тіліндегі фильмдердің саны басым: 2023 жылы 95 толықметражды көркем фильм шықса, оның 62-сі қазақ тілінде-мыс, 12-сі орыс тілінде, ал 21-і көптілді. Алайда, бұл деректер нанымсыз, өйткені Ұлттық киноны қолдау орталығына келіп түсетін сценарийлердің он пайызы ғана қазақ тілінде ("Абай" телеарнасы, "Сана" бағдарламасы, 25 қазан, 2024 жыл), экрандағы фильмдердің көпшілігі орысша, не "шалақазақша". Тереңірек талдасақ, "қазақша" деп белгіленген фильмдердің көбі "шалақазақша", яғни лингвистика ғылымында код ауыстыру не код араластыру деп аталатын стратегияны қолданады.
Код ауыстыру дегеніміз – бір тілдің лексемасы мен грамматикалық құрылымын екінші тілдің синтаксистік тұрғыдан тәуелсіз сөйлеміне қосу (айталық, орысша сөйлеп келе жатып "шүкір", "жаным", т.б. жекелеген сөз не тіркестерді қосу), ал код араластыру – екі тілдің тәуелсіз сөйлемдері немесе құрылымдарын (яғни толық орыстілді сөйлемдер мен толық қазақтілді сөйлемдерді) қатар қолдану.
Орыс тіліндегі фильмдерде "рахмет", "жаным", "бәсе" секілді қазақша сөздер жиі қосылғанымен, орыс тілі басым, "матрицалық тіл", ал қазақ тілі "ендірілген тіл" болып қала береді. Бұл "Бизнес по-казахски" және "Брат или Брак?" франшизалары немесе Нұртас Адамбайдың "Құдалар" (2018) және "Әкім" (2019) секілді табысты кассалық хиттерді қоса алғанда, зерттелген фильмдердің көпшілігіне қатысты жағдай.
Біздіңше, үстірт код ауыстыру не алмастыру фильмді қостілді деп атауға негіз бола алмайды. Бас кейіпкерлердің басым тіліне, яғни экран уақытына қарай фильм "орыс тілінде" не "қазақ тілінде" деп жіктелуі керек. Ал фильмді қос тілде деп, қазақ және орыс тілдеріне теңдей экран уақыты берілгенде, я орыс тіліндегі фильмде бас кейіпкердің бірі үздіксіз қазақша сөйлейтін (немесе керісінше) жағдайда ғана есептеуге болады.
Осындай критериймен талдасақ, ресми статистикамен мүлде қабыспайтын сурет шығады: кейінгі 12 жылда шыққан 380 қазақ фильмінің 64 пайызы орыс тілінде, 23 пайызы қазақ тілінде, ал 12 пайызы қос тілде түсірілген екен. Бір пайызы ғана басқа, қырғыз және көне түркі тілінде. Қазақ фильмдеріндегі тіл қолданысы динамикасы орыс тілінің басымдығын ғана емес, оның үлесі 2021 жылға дейін тұрақты өскенін көрсетеді: 2012 жылы қазақ фильмдерінің 66 пайызы орыс тілінде түсірілсе, 26 пайызы қазақ тілінде болған. 2021 жылы орыс тіліндегі фильмдер үлесі 76 пайызға артқан, ал қазақ тіліндегі фильмдер 23 пайыз межесіне кеміген.
Кей топтар айтып жүргендей, расында Қазақстан қазақ емес, орыс тілінің аясын кеңітуге қызмет етіп келе жатқан болып шығады. 2022 жылдан бастап орыс тілі басым болғанымен, үлесі азайып, 57% болса, 2023 жылы 41% межесіне "түскен". Бұл екі жылда қазақ тілінің үлесі 26% және 36% болды. Қостілді фильмдердің де үлес салмағы артып, тиісінше 21% және 23% жетті. Яғни саяси жағдайдың әсері, орыс тіліндегі қазақ киноортасының орысшаға салқындауы болмашы болса да байқалады.
ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙҒА АЙНАЛДЫРЫЛҒАН ҚОСТІЛДІЛІК
Статистиканы былай қойғанда, киногерлер тіл тазалығы туралы ғана емес, қазақ тіліне қандай мағына жапсырып жатқанын ойланбайды. Нұрлан Қоянбаев, Нұртас Адамбаев, Баян Мақсатқызы, Құралай Анарбекова секілді продюсерлер шала қазақша фильм түсіруді "өмірдің көрінісі" деп түсіндіріп келді.
Алайда кино өмірдің көрінісі ғана емес, өмірдегі шындықтарды қалыптастырушы да. Яғни осындай өндірушілердің фильмдері Қазақстандағы қостілділікті көрсетіп қана қоймай, одан әрі қалыпты жағдайға айналдыра береді. Тура сол сияқты, қазақша сөйлейтін азаматтардың экономикалық, әдеуметтік шеттетілуіне одан әрі де үлес қоса береді. Демек, заманауи қазақ киносында қазақ тілінің басым түсу әлеуеті толық пайдаланылмай, әлі де шеткері қалып келеді.
Бұл тұста, айталық, тегі үнді британдық ғалым Хоми Бабаның мәдени гибридтік концепциясына жүгінуге болады. Ол отаршылдық әсерімен гибрид болмыстың қалыптасатынын көрсетіп, оны "отарланған және отарлаушы" деген бинарлықтардан босанудың жолы ретінде ұсынады. Ол мұндай гибридтіктен отаршылдыққа қарсы тұратын қуат көрді. Баба "үшінші кеңістік" деп атайтын ұғым — тұрақты қалыптасқан бірегейліктердің (айталық, "қазақ", "орыс") арасындағы орын, онда гибрид болмыс иерархиясыз өмір сүре алады. Тиісінше, қазақ фильмдерінде отарлаушы немесе отарланушы емес, үшінші, гибрид болмысты бейнелейтін мүмкіндік бар.
Біздіңше, қазақ режиссерлері қазақ қоғамындағы "үшінші кеңістікті" және ондағы отаршылдыққа қарсы тұрар мүмкіндікті пайдалана алмай отыр, керісінше, Эдуард Саид талдаған отарлық ориенталистік көзқарасты қайта өндіріп келеді. Бас кейіпкерлерді, интеллектуал, іскер, бастамашыл, табысты, күрделі кейіпкерлерді қазақша сөйлетуге болар еді, әрі бұл анықтамаларға сай мысалдар шынайы өмірде толып жатыр. Бірақ қазақ киносы керісінше, көбіне іскер орысша сөйлеуге жалқау да масыл қалыптағы қазақша сөйлеуді ("Бизнес по казахски", "Күшік құда", "Құдалар", т.б.) қарсы қояды. Яғни, Совет одағында қалыптасқан отаршыл иерархиялар мен бинарлы ойлау, бейсаналы түрде болса да, қазақ киносында әлі сақталып отыр.
ЯКУТИЯДА ЖЕРГІЛІКТІ ФИЛЬМДЕР ОРЫС ЕМЕС, САХА ТІЛІНДЕ ТҮСІРІЛЕДІ
Бұл әлемдік постколониал фильмдердегі жағдайға қайшы, ескірген, қазақ деколонизациялық тілімен айтқанда, құлдық сана көрінісі. Зерттеуші Джемма Кинг, мысалы, қазіргі француз фильмдерінде араб, бербер, корсика немесе малинка сияқты шеттетілген тілдерге қалай назар аударылатынын талдайды. Ол мұндай аз халықтардың тілі оларға "құндылық беру, ықпалын арттыру, қуаттау" құралы ретінде және "кейіпкерлер арасындағы күш динамикасын қайта қарау стратегиясы" ретінде қолданылатынын атап өтеді.
Сол сияқты, Ресей құрамындағы Саха елінің (Якутия) фильмдерін мысалға алуға болады. Саха қостілді республика болғанына қарамастан, жергілікті фильмдер орысша емес, негізінен саха тілінде түсіріледі, және бұл "орыс тілінің үстемдігіне жауап" ретінде қарастырылады; демек "тілдің символдық мәні" басым. Саха тіліндегі киноны түсірумен қоса, көрсетуде кинотеатр иелері, кәсіпкерлер ұлтжандылық танытқан, соның әсерімен саха киносы табысты феноменге айналды. Қазақ және саха киногерлері мен кәсіпкерлерінің айырмашылығы да осы: отандық киногерлер орыс тілінің отаршылдық өлшемі туралы ойланбайды, коммерциялық мақсаттар не "шындықты көрсетеміз" деген сылтауды алға тартып, орыс тіліне басымдық береді, ал саха киногерлері шынайы өмірдегі теңсіздікке экран арқылы жауап беруге тырысады. Яғни, заманауи француз не саха киногерлерінде тіл репрезентациясын саяси мәселе деп қарастыратын сындарлы ойлау басым болса, қазақ киносында ол жетіспейді.
ҚАЗАҚ ТІЛІ КЕДЕЙЛІК ПЕН ДӘРМЕНСІЗДІК ТІЛІ БОЛЫП ҚАЛДЫ
Қазақ фильмдерінің басым бөлігі әлі де болса отаршылдық стереотиптерді қайта өндіретіні сондай, қазақ тілі – кедейлік пен дәрменсіздіктің, ал орыс тілі байлық пен үстемдіктің тілі. Тереңірек үңілсек, айырмашылық ұлғая түседі: орыс тілі жастардың, қаланың, мәдениеттің, білімнің, бизнестің, беделдің және биліктің тілі екен; қазақ тілі күлкі нысаны, аңқаулықтың, білімсіздің, талғамсыздың, аға буынның, ауылдың тілі ретінде ұсынылады.
Сол сияқты, қазақ тілінде сөйлейтін кейіпкерлер үйде қазақша сөйлеп, қоғамдық орында орысшаға ауысады (тіпті дәрігер, банк қызметкері, т.б. қазақ болса да). Мысалы, "Ажырасам" (2022), "Күйеуіме тоқал іздеймін" (2023), "Жол: Путь боксера" (2013) және "4:29" (2016) сияқты "қазақша" фильмдерде дәрігерлер орысша сөйлейді. "Зеркала" (2019) және "Аруақ" (2019) фильмдерінде әскери қызметкерлер, "Молоко, сметана, творог" (2013) фильмінде банк қызметкерлері орысша сөйлейді, ал "Моя большая казахская свадьба" (2021) және "Гламур для дур" (2016), т.б. фильмдерде бизнес тілі – орыс тілі. Бұл қазақ тілін отбасы, ошақ қасына одан әрі шектеп қояды.
Бұл ориенталистік дискурстың бинарлы қайшылығы, орысша сөйлеуді мәдениетті, білімді және өркениетті болу, ал қазақша сөйлеуді мешеулік және надандық деп көрсетеді. Бұл сондай-ақ деколонониал зерттеуші Анибал Киханоның отаршылдық билік матрицасындағы "субъективтілік пен білімді бақылаудың" мысалы. Яғни, сүйекке сіңген әдетпен орысша сөйлейтін көрерменге "артықшылығын", қазақ тілінде сөйлейтін көрерменге "кемшілігін" қайталап, сендіре түсу.
Фильмдердің көбінде басты рөлдегі жастар өзара орысша тілдеседі және қазақша сөйлейтін ата-анасына орысша жауап береді (мәселен, "Побег из аула" (2011), "Үшеудің үйленуі" (2019), "Моя большая казахская семья" (2021), "Пять причин не влюбится в казаха" (2017), т.б.) бұл қазақ тілі қартая бастаған тіл деген ойға жетелейді. Ғалымдар қалаларда қазақ тілінде сөйлейтін жастар саны өскенін атап көрсетеді, дегенмен мұндай, әсіресе аймақтардан шыққан білімді, қабілетті қазақша сөйлейтін жастар қазақ фильмдерінде көрсетілмейді.
Керісінше, қазақ тілі күлкі мен келемеж үшін қолданылады: мысалы, "Бизнес по-казахски в Африке" (2018) фильміндегі бір көріністе камера бастан аяқ орысша сөйлесетін (өзара қарым-қатынасын сөз ететін) Жомарт пен Айсұлуды көрсетеді, ал қазақ тілінде сөйлейтін Еркоштың дауысы фонда "шай, шай құй" деумен болады. Яғни, қазақ тілінде мағыналы, салмақты әңгіме де айтылмайды. Көрермен тек тілге ғана емес, Еркоштың өзіне, яғни ауыл адамына да күлуге тиіс. Осылайша, қазақ тілі "мәдени дәмдеуіш, декоратив шу немесе әзіл-оспақ тұздығы" ретінде қызмет етеді, Кингтің пікіріне сай, бұл – ескірген және сыни ойлаудан ада көзқарас.
Әділхан Ержанов сияқты режиссерлердің әлеуметтік мәселелер туралы фильмдерінде қазақ тілі көбіне-көп зорлық-зомбылық пен қараңғылықтың тілі. "Шлагбаум" (2015), "Арман" (2017), "Братья" (2023) сияқты фильмдерде орыс тілі коррупцияның тілі болғанымен, билік пен байлықтың, ал қазақ тілі кедейлер мен шарасыздықтың тілі. Мұндай бөлініс те қазақ тілінің пайдасына шешілмесі анық.
СЕБЕП – КОЛОНИЯЛЫҚ ҚОСТІЛДІЛІК
Статистика бойынша, Қазақстан – қос тілде сөйлейтін мемлекет: халқының 80,1% қазақ тілін, ал орыс тілін –84,8% меңгерген. Алайда, ең алдымен санада отаршылдық әсері сақталып қалғандықтан, бұл тілдер арасында симметрия жоқ. Постколониал зерттеуші Альберт Меммидің сөзімен айтсақ, бұл – "лингвистикалық драма" немесе "колониялық қостілділік". Барлық отаршыл тілдер сияқты, орыс тілі білім-ғылым, саяси, экономикалық және әлеуметтік бедел тілі болып келді, ал қазақ тілі, көптеген отарланған тілдер сияқты, ауылға, отбасы, ошақ қасына тықсырылды. Басқа сөзбен, совет саясаты қазақ тіліне тұсау салды, сөйте тұра оны "алысқа шаба алмайды" деп айыптады. "Шабан тілді" керек қылмаған элита орысшамен сусындады, өйткені тіл ең алдымен әлеуметтік саты қызметін атқарды.
Зерттеуші Нгуги Ва Тионго атап өткендей, отарлаушы тілі "рухани бағындыру құралы" болып, отарланған халықтың жанын тұтқында ұстаған "сауыт" еді. Ең өкініштісі, постколониал Қазақстанда өзгеріс тым баяу. Оның бір себебі – орыс тілінің саяси салмағы. Орысша сөйлейтін қазақтың бәрі өзін "орыс әлемімен" байланыстырмаса да, Ресей тілді саяси ықпалдың тетігі ретінде қолданады. Ерекшелігі сол, Ұлыбритания мен Франция сияқты елдер өзін ағылшын не француз тілінің қамқоршысы мен жарылқаушысы ретінде насихаттамайды, ал Мәскеу тіл арқылы империялық амбицияларын алға тартумен келеді.
Яғни, Қазақстанда іс жүзінде орыс тілінің әлеуметтік, экономикалық артықшылығы сақталып отыр, өйткені Совет одағы қалыптастырған орысша сөйлейтін элита – әлі де билік пен бизнестегі үстем тап. Дегенмен, кейінгі уақытта орыс тілінде сөйлейтін орталар да деколонизацияға үн қоса бастады. Оған қарсылық ретінде қазақша сөйлейтін орта "алдымен қазақ тілін үйрен" деген талап қояды. Бұл талап орынды, себебі тілді деколонизациялаудың түпкі мақсаты – отарлаушы тілден түбегейлі бас тартып, отарланған тілдің әлеуетін дамыту. Букер мен Нобель сыйлықтарына үміткер ретінде жиі аталатын кениялық жазушы Нгуги Ва Тионго, мысалы, ағылшынша жазып жүріп бір күнде алты миллион адам ғана сөйлейтін кикуйо тіліне ауысты.
Дегенмен, тілдің өзін түпкі мақсат не меже емес, құрал ретінде қарастырсақ, қазіргідей қостілділік жағдайында да деколонизацияға үлес қосуға болады және оның бір парасы кино арқылы іске асуға тиіс. Бұл жерде мәселе тек қай тілді қолдануда емес, оны қалай қолдануда және оған қандай мағына берілетінінде.
Аралас тілді фильмдерде қазақ тілі ғана емес, орыс тілі де "шала". Шайбақова сияқты зерттеушілер Қазақстандағы қостілділік әсерімен қазақ тілі стандарт орыс тілін өзгертуге қабілетті деп пайымдайды, бірақ бұл қауқар қазақ киносынан көрініс таппайды. Қазақ тілін ойсыз, үстірт келемеж үшін ғана емес, құндылықтар тілі ретінде, тереңірек қолдануға болар еді. Бірақ киногерлер, сыни ойлау жетіспеушілігінен гибридтік пен қостілділіктің үйлесімді, позитив қуатын елемей, мемлекеттік тілді орыс тілінің көлеңкесінде қалдырып отыр. Қазақ киноиндустриясының өзі де орыс тілінде сөйлейді, сондықтан киногерлер Қазақстанда орыс тілінің артықшылық тілі екенін аңғармауы да мүмкін. Бұл жағдайда, үндістандық зерттеуші Гаятри Спивак айтқандай, "артықшылықтарымызды қайта қарау" әр продюсер мен режиссерге міндет.
Мақалада мына дереккөздер пайдаланылды:
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі. Ұлттық статистика бюросы (2021) 2021 zhylgy khalyq sanagy. Qysqasha qorytyndylar.
Алишириева, А., Ибраева, Ж. и Протасова, Е. (2017) Казахстанский русский: взгляд со стороны. Ab Imperio, 4, 231-263.
Bhabha, H. K. (1994) The Location of Culture. London: Routledge.
Damiens, C. (2015) Cinema in Sakha (Yakutia) Republic: Renegotiating Film History, KinoKultura, 48.
Fierman, W. (2005) Povorot iazykovogo sdviga v Kazakhstane. Etnographicheskoe obozrenie, 6, 49-70.
King, G. (2017) Decentring France, Multilingualism and power in contemporary French cinema. Manchester: Manchester University Press.
McGinity-Peebles, A. (2022), Cinema, Ethnicity, and Nation-Building in the Sakha Republic
(Russia) and Kazakhstan, Oxford Research Encyclopedias, 15 September 2022, no pg: 17 of 21.
Memmi, A. (2003 [1974]) The Colonizer and the Colonized. London: Earthscan Publications.
Mukhamedowa, R. (2009) The use of Russian conjunctions in the speech of bilingual Kazakhs, International Journal of Bilingualism, 13 (3), 331-356.
Ngũgĩ T. (2005 [1981]), Decolonising the Mind. The Politics of Language in African Literature. Nairobi: James Currey.
Рысалиев, А. (2016) "Кинобизнес сопротивляется требованиям по дубляжу фильмов на казахский язык", Eurasianet, 2 қараша 2016.
Said, E. (1978) Orientalism. London: Routledge & Kegan Paul.
Shaibakova, D. (2019), “Russian language in Kazakhstan in the 21st century,” in A. Mustajoki, E. Protassova and M. Yelenevskaya (eds), The Soft Power of the Russian Language: Pluricentricity, Politics and Policies. London: Routledge, pp. 123–33.
Сулейманов, А. (2020) Будущее русского языка в Казахстане: оптимистичный, переменный и протестный сценарии, Берлек-Единство.
Сулейменова, Э., Акберди, М., Койшыбаева, Г. (2016) Выбор языка и корреляции языковой трансмиссии. Алматы: Қазақ университеті.
Сулейменова, Э. (2020) "Russian Overseas Flagship" и языковая ситуация в Казахстане. Russian Language Journal / Русский язык, 70, 23-58.
Sweeney, C. (2007) Russia promotes language as symbol of resurgence, Reuters, 1 July.
https://stat.gov.kz/ru/industries/social-statistics/stat-culture/
Әсия Бағдәулетқызы
Кинотанушы, журналист. Лондонның Куин Мэри университетінің PhD зерттеушісі. Орталық Азияның мәдениеті мен интеллектуалдық тарихы, деколонизация және феминизм тақырыптарында қалам тербейді.
ПІКІРЛЕР