Қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайрат Палестина халқына көмек ретінде жиналған 200 млн теңге қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
"2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. "Sensata Plaza" элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге "Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic" жаңа автокөлігін сатып алды. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі БАӘ-де "Rolex", "Prada" және "Fendi" брендтік бутиктерінен зергерлік бұйымдарды, сағаттар мен киімдерді сатып алуға жұмсалды" деп жазылған ресми хабарламада.
16 қарашада Астананың тергеу соты Перизат Қайратты екі айға қамауға рұқсат берген.
ҚМА Перизат Қайраттың ұсталғанын екі күн бұрын хабарлаған. Агенттіктің болжамынша, ол су тасқынынан зардап шеккендерге арналған ақшаға Астанадағы төрт тұрғын үй кешенінен элиталық баспана, Mercedes-Benz S450, Lexus LX-600 және Haval маркалы көліктер, сонымен бірге қымбат заттар сатып алған.
Biz Birgemiz қоры әзірге түсініктеме бермеді. Перизат Қайраттың туыстары мен жақындарынан да әзірге ақпарат түспеді. Бір күн бұрын Перизат Қайрат үстел теннисі федерацисының президенті қызметінен босатылғаны белгілі болды.
Biz Birgemiz Qazaqstan қоры 2021 жылы маусымда жалпыұлттық еріктілер қозғалысы ретінде құрылған. Оның құрамында 15 мың ерікті бар.
Biz Birgemiz Qazaqstan қоры жетекшісінің қаржы жымқырғаны туралы ақпарат үкімет қайырымдылықты мемлекет бақылауына алуды ұсынып жатқан тұста пайда болды. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынып отырған заңнамалық өзгерістерге сәйкес, қайырымдылық ұйымдары мемлекеттік органдардан аккредитациядан өтуге тиіс, аккредиттелген қорлар алынған қаражат, олардың жұмсалуы, іске асырылған жобалар туралы ақпаратты бірыңғай цифрлық платформада жариялауға міндетті.
Кейбір қайырымдылық ұйымдары жобаға алаңдаушылық білдіріп, мемлекет қайырымдылықтың дамуына кедергі жасауға тырысып отырғанын, билікке адал емес ұйымдарды заңсыз деп тануға талпынып жатқанын атап өтті.
ПІКІРЛЕР