Accessibility links

"Газпром" Австрияға газ тасымалдауды тоқтатты. Вена бұған дайын екенін мәлімдеді


Ресейлік "Газпром" корпорациясы 16 қарашада Австрияның энергетикалық OMV кәсіпорнына газ тасымалдауды тоқтатты деп хабарлады Австрия канцлері Карл Нехаммер. Бұған 2022 жылғы бизнес-дау түрткі болған. Нехаммер жуырда "ел өзін бопсалауға жол бермейді" деп мәлімдеген.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген шақта Австрияға Ресей газы үзіліспен жеткізіле бастаған. Ресейлік компания мұны техникалық қиындықтармен түсіндірген, ал Батыс елдері мұны "бопсалау құралы" деп атаған.

OMV компаниясы Халықаралық сауда палатасына ресейлік "Газпромның" үстінен шағым түсіріп, палата жауапкер компанияны 243 млн еуро көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеген. "Неміс толқынының" жазуынша, осы қаражатты OMV қазіргі келісімшарт арқылы жасалып жатқан төлемнен ұстап қалмақшы болған.

Бұған дейін OMV өкілдері Ресей газынан бас тартып, Италия, Германия және Нидерландыдан газ тасымалдай алатынын мәлімдеген. "Неміс толқынының" жазуынша, Австрияны 2040 жылға дейін Ресейден едәуір газ алуға міндеттейтін қазіргі келісімді бұзу үшін Австрия осы сәтті ұтымды пайдаланған болуы мүмкін.

2024 жылы маусымда "Газпром Экспорт" та газ тасымалдау бойынша Ресеймен ұзақмерзімді келісімшартын үзген деп хабарлады Германияның ірі газ ипорттаушы Uniper компаниясы. Келісім 2035 жылға дейін күшінде болған. Стокгольм арбитражы Uniper-дің келісімшартты үзуге құқығы барын танып, компания 2022 жылдың ортасынан бері дұрыс жеткізілмеген газ көлеміне өтемақы ретінде "Газпромнан" 13 млрд-тан астам еуро өндіріп алуға да құқылы деген.

Австрия билігі газ қоры мен балама тасымалдаушылар жылыту маусымында елді газсыз қалдырмайды деп мәлімдеді. Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен X желісінде Еуропа қысқа дайын деп жазды.

"Путин энергетиканы тағы да қару ретінде пайдаланып жатыр. Ол газ тасымалдауды тоқтатып, Австрия мен Еуропаны бопсалағысы келеді. Біз бұған дайынбыз, қысқа дайынбыз. Еуроодақтың газ қоймалары толы. Еуропа Австрияны бірігіп қолдайды" деп жазды ол.

XS
SM
MD
LG