Accessibility links

"Себебін түсіндірмей-ақ бас тартуға құқығымыз бар". Айбек Смадияров Украина елшісі туралы


Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров
Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров

1961 жылы 18 сәуірде қабылданған дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясы мен халықаралық тәжірибе бойынша, елшіні қабылдайтын тарап себебін түсіндірмей-ақ ұсынылған кандидатқа келіспей, одан бас тартуына болады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров "Украина елші ретінде ұсынған Сергей Гайдайдың кандидатурасын Қазақстан бекітпеді" деген ақпаратқа байланысты Азаттық қойған сауалға осылай жауап берді.

Айбек Смадияровтың сөзінше, "бұл шешімді достыққа жатпайтын акт деп бағалауға болмайды".

– Қазақстан Украинамен көпқырлы достық қарым-қатынасын дамытуға ықыласты, – деді ол.

Бұған дейін Ресейдің түрлі ақпарат құралдары "Украина елшілікке жіберген Сергей Гайдайға Қазақстан агреман беруден бас тартты. Оның орнына кәсіби дипломат көргісі келетінін ашық аңғартты" деген ақпарат таратқан. Ақпарат құралдары Сергей Гайдай Украинаның Ресей басып алған Луганск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы болғанын ілік еткен.

Биыл наурызда Украина Қазақстандағы елші қызметіне Сергей Гайдайды жіберуі мүмкін деген ақпарат жарияланып, ондай болжамды Гайдайдың өзі де растаған.

Президент Владимир Зеленский Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийді 2022 жылы қазан айында қызметінен босатқан. Врублевский 2022 жылы жазда қазақстандық блогер Диас Құзайырға сұхбат беріп, дауға қалған. 21 тамызда жарияланған сұхбатта елші Ресейдің Украинаға бастаған соғысы жайлы айта келе, "қазір барынша көп орысты өлтірсек, көп баламыз аман қалады" деген еді.

Осыған байланысты Ресей сыртқы істер министрлігі наразылық білдіріп, бұл сұхбат "Киев режимінің адамзатқа қарсы бет-бейнесін көрсетеді" деп мәлімдеген.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі "мұндай сөз елшіге лайық еместігін" айту үшін Врублевскийді шақыртқан. Артынша Қазақстан сыртқы істер министрлігі Украина дипломаты кешірім сұрағанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG