Accessibility links

Жексенбіге қараған түні Ресей әскері Украинаны қанатты зымырандармен атқылады


Ресей әскері жексенбіге қараған түні Украинаны "Калибр" қанатты зымырандарымен атқылады. Ракеталар Қара теңізден ұшырылған. Елдің шығысынан Днепрге дейін аралықтағы барлық облыста әуе дабылы іске қосылды. Гипердыбыстық "Кинжал" ракеталары да ұшырылғаны жөнінде ақпарат болды.

Одесса, Запорожье, Днепр, Кривой Рог және Черкасск, Киев, Полтава облыстарында жарылыс болды. Черкасск, Киев және Полтава облыстарына дрондармен де шабуыл жасалған.

Киевте бес қабатты тұрғын үйге ракета құлап, өрт шыққан, зардап шеккендер бар. Николаев қаласында "Шахед" дроны құлаған жерде бір әйел өлген, екі ересек адам және екі бала зардап шеккен деп жазды облыстық әскери әкімшіліктің жетекшісі Виталий Ким.

Мониторинг жүргізуші арналардың хабарлауынша, Украинаға бір түнде кемінде 45 ракета ұшырылған. Олар энергетикалық инфрақұрылым нысандарын да атқылаған. Бірқатар облыста шұғыл жағдайда электр энергиясын өшіру режимі іске қосылған. Одессада электрмен жүретін көлік құралдары тоқтап қалған.

Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига бүгінші шабуылды екі жарым жылдан астам жалғасып келе жатқан соғыстағы ең ірі шабуылдардың біріне жатқызды.

"Бұл әскери қылмыскер Путиннің жақында өзіне телефон соғып, кездесуге келгендердің барлығына берген жауабы. Бізге көндіру емес, күшпен қол жеткізуге болатын бейбітшілік керек" деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Польшаның қарулы күштеріндегі дереккөзге сүйенген "РБК-Украина" сайтының хабарлауынша, жаппай ракета шабуылына байланысты поляк әскері ұшақтарын әуеге көтерген, олар шабуыл Польшаның шекаралас аудандарын жанап өте ме деп қауіптенген. Әуе қорғаныс және радиолокациялық барлау жүйелері жоғары деңгейдегі дайындыққа көшірілген.

  • Ресей күн сайын Украинаны атқылап жатыр. Ресей қорғаныс министрлігі тек әскери нысандарға соққы жасап жатқанын айтады. Бейбіт тұрғындардың қазасы мен азаматтық инфрақұрылымдардың қирауы туралы ақпаратқа Мәскеу түсініктеме бермейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG