Accessibility links

Жақияновамен соттасқан Ерғалиева жеңгеніне таңғалды


Журналист Гүлжан Ерғалиева.
Журналист Гүлжан Ерғалиева.

Алматыда сот журналист Гүлжан Ерғалиеваның оппозициялық саясаткер Ғалымжан Жақияновтың әйелі Қарлығаш Жақияноваға талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Адвокаты жауапкерге апелляциялық шағым жазуға кеңес бермек.

Қазан айының 21-і күні Алматының Бостандық аудандық азаматтық істер жөніндегі сотының судьясы Айгүл Абайделдинова шығарған сот шешімінде талапкер Гүлжан Ерғалиеваның пайдасына Қарлығаш Жақияновадан 276 миллион 280 мың теңге, мемлекеттік алым үшін екі миллион 762 мың 800 теңге және Гүлжан Ерғалиеваның соттағы өкіліне 250 мың теңге өндіріп алу туралы айтылған.

СОТ ШЕШІМІ

Бірақ Гүлжан Ерғалиеваның талап-арызында сұрағандарының кейбірін сот қанағаттандырған жоқ. Атап айтқанда, Гүлжан Ерғалиева Қарлығаш Жақияновадан бір миллион доллар мен сот шығындарын және моралдық шығынды өндіріп беруді, сонымен бірге жауапкерлер қатарына Қарлығаш Жақияновамен бірге оның күйеуі Ғалымжан Жақияновты және олардың туысы Жанна Бектемірованы да қосуды сұраған еді.

Сот шешімі жария болған соң, сыртқа шығып бұқаралық ақпарат құралдарына сот басталғалы алғаш рет сұқбат берген Қарлығаш Жақиянованың соттағы өкілі Инесса Киселева сот шешімінің негізгі бөлігімен келіспейтінін мәлімдеді. Ол бұған дейінгі сот отырыстарында айтқанын қайталап, Қарлығаш Жақиянованың Гүлжан Ерғалиевадан «бір миллион долларды қарызға алмағанын, сол себепті бүгінгі шешімге апелляциялық шағым түсіру жөнінде Қарлығаш Жақияноваға кеңес беретінін» айтты.

Адвокат Инесса Киселева.
Адвокат Инесса Киселева.

Инесса Киселеваның пікірінше, сот шешімінде даулы бір миллион доллардың бүгінгі доллар бағамы бойынша есептелгені де дұрыс емес.

– Егер ол қарызға алынған ақша болса, онда ақша алған кездегі, яғни 2010 жылғы доллар бағамымен есептелуі тиіс, - деп санайды адвокат.

Қарлығаш Жақиянованың үстінен талап-арыз түсірген Гүлжан Ерғалиева да сот шешімінің кейбір тұстарына келіспегенімен, осы сот процесінде жеңіп шыққанына қатты таңғалғанын жасырмады. Билікті сынаушы басылымдардың істері бойынша сан мәрте сотқа тартылған Гүлжан Ерғалиева «өз өміріндегі отыздан аса сот процесінде тұңғыш рет жеңіп шыққанын» айтады. Бірақ ол мұның жеке шағым бойынша қаралған сот ісі екеніне назар аударады.

Гүлжан Ерғалиева мен Қарлығаш Жақиянованың сотынан видео:

Ерғалиева Жақиянованы сотта жеңді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:04 0:00

ЖАУАПКЕР МҮЛКІ

Сотқа талап-арызында Қарлығаш Жақияновамен бірге оның күйеуі Ғалымжан Жақияновты да жауапкер ретінде тануды сұраған Гүлжан Ерғалиева «бір миллион доллардың дауына Ғалымжан Жақияновтың қатысы бар екені сот процесі кезінде жеткілікті дәлелденгенімен, судья оны қаперге алмады» деп санайды.

Ерғалиева заңгерлермен ақылдасып, әлі де болса Ғалымжан Жақияновты жауапкер ретінде тіркеуді сұрауы мүмкін екенін айтады.

Журналист Гүлжан Ерғалиева.
Журналист Гүлжан Ерғалиева.

Сот шешімі бойынша, бір миллион доллардың дауын өз пайдасына шешкенімен Гүлжан Ерғалиева ол ақшаның қалай қайтарылатынын әзірше білмейді. Заң бойынша, сот орындаушылары жауапкердің бағалы мүліктерін анықтап, иесін сатуға мәжбүрлеуі, сөйтіп ақшаны қайтаруы тиіс. Бірақ жауапкердің Қазақстанда бағалы мүлкі жоқ болуы мүмкін дейді Ерғалиева.

– Менің ойымша, Қарлығаш Жақиянованың атында Қазақстанда айта қаларлықтай бағалы мүлік жоқ. Өйткені Жақияновтар отбасы Қазақстанда тұрмайды. Олардың мүлкі болғанымен басқа біреулердің атына жазылған болуы мүмкін. Қарлығаш Жақиянованың маған жазған хатында ақшаны қайтарудан бас тартпайтыны жазылған. Демек өздерінің көздеген капиталдары бар шығар, - дейді ол.

МӘМІЛЕГЕ КЕЛЕ АЛМАДЫ

Қазанның 15-сі күні өткен сот отырысында Гүлжан Ерғалиева мен Қарлығаш Жақиянованың соттағы өкілі Инесса Киселева өзара бітімге келу мүмкіндігін талқылау үшін сотта үзіліс алған еді.

Бірақ, Гүлжан Ерғалиеваның сөзінше, екі тарап мәмілеге келе алмаған.

– Қарлығаш Жақиянованың ұсынысына қарағанда тағы да екі жыл күтуім керек екен. Тіпті оның өзінде ақшаны қайтарудың нақты графигін айтқысы келмеді. Сонымен қатар осы уақытқа дейін бір миллион долларға байланысты айтқан сөздерімді баспасөз бетінде теріске шығаруым керек екен. Мұндай ультиматумды қабылдай алмаймын. Баспасөзге айтқаным мен Facebook парақшамда жариялағандарымның бәрі - сот залында айтылған ақпараттар, - дейді Гүлжан Ерғалиева.

Қарлығаш Жақиянованың соттағы өкілі Инесса Киселева екі тараптың неліктен бітімге келе алмағаны туралы айтпады.

Қарлығаш Жақиянова.
Қарлығаш Жақиянова.

Ол бұған дейінгі сот отырыстарында Қарлығаш Жақиянованың Гүлжан Ерғалиеваға берген қолхатында «бір миллион доллардың қарызға берілгені және қашан қайтарылатыны көрсетілмегендіктен ол демеушілік көмек есебіне жатқызылатынын, егер бір миллион доллар қарыз емес, демеушілік көмек ретінде танылса ғана келісуге мүмкіндік барын» айтқан еді.

Биыл қазан айының басында Гүлжан Ерғалиева Қарлығаш Жақияновадан «бір миллион доллар қарыз ақшасын қайтаруды, бірнеше жыл бойы ол ақшаның мүмкіндіктерінен түсуі ықтимал табысы ретіндегі 187 мың доллар көлемінде моральдық шығыны мен осы іске байланысты сот шығындарын өтеуді» талап етіп, сотқа шағым түсірген.

Гүлжан Ерғалиева 2005 жылдан оппозициялық басылым ретінде танылған «Свобода слова» газетіндегі үлесін 2010 жылы «билікке қатысы бар жеке тұлғаға сатып», газеттен кеткен еді.

2001 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынап, елде тың саяси реформалар жүргізу туралы бастама көтерген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» оппозициялық қозғалысы жетекшілерінің бірі, Павлодар қаласының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов 2002 жылы «мемлекеттік қызметтегі өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін» жеті жылға сотталған. 2006 жылы қаңтарда түрмеден мерзімінен бұрын шартты түрде босап шыққан. Соңғы бірнеше жылдан бері ол отбасымен бірге шетелде тұрып жатыр.

XS
SM
MD
LG