Өзін республика деп жариялап алған Абхазияның президенті Аслан Бжания қызметінен мерзімінен бұрын кетті. Премьер-министр Александр Анкваб та қызметін доғарды.
"Абхазия Республикасы Конституциясының 65-бабына сәйкес, елде тұрақтылық пен Конституциядағы тәртіпті сақтау мақсатында мен Абхазия Республикасының президенті қызметінен кетемін", – деп жазылған билік пен оппозиция арасында бірнеше сағатқа созылған келіссөзден кейін Бжания қол қойған құжатта.
Тараптар қол қойған келісімге сәйкес, Бжания қызметтен кету туралы өтініш береді, ал үкімет ғимараты маңына жиналғандар 19 қарашада тарқайды: "бұл шарт орындалмаса, Абхазия Республикасының президенті А.Г. Бжания қызметтен кету туралы өтінішін қайтарып алады".
19 қарашада Абхазия парламенті ("Халық жиналысы") Бжанияның қызметтен кететіні туралы өтінішін қарайды. Ол отставкаға кеткен соң президент міндетін вице-президент Бадра Гунба уақытша атқармақ. Премьер-министр қызметін атқару парламенттің бұрынғы спикері Валерий Бганбаға жүктеледі.
"Қазіргі министрлер Абхазияның жаңадан сайланған президенті қызметіне кіріскенге дейін өз міндетін атқарады", – деп жазылған құжатта.
Бұған дейін Бжания алдағы президент сайлауына қатысу ниеті барын айтқан.
Бжанияның қызметтен кетуін оппозиция талап еткен. 15 қарашада Сухуми қаласында Ресей-Абхазия "инвестиция келісіміне" наразы адамдар үкімет ғимараты кешені айналасындағы қоршаудың бір бөлігін бұзып, парламент ғимаратына іргелес жатқан аумаққа, содан кейін парламент үйі мен президент әкімшілігіне басып кірді.
Наразылық болып жатқанда парламент Мәскеумен инвестиция келісімін ратификациялау мәселесі бойынша дауыс беру өтетін сессияны кейінге шегерді, ал президент әкімшілігі оны қайтарып алуға уәде берді.
- Абхазия мен Оңтүстік Осетия 1990 жылдардың басында өздерін "тәуелсізбіз" деп жариялаған. 2008 жылы Ресей мен Грузия арасындағы бес күндік соғыстан кейін Мәскеу Абхазия мен Оңтүстік Осетияның "тәуелсіздігін" мойындап, екеуінің аумағына әскер орналастырған.
- БҰҰ-ға мүше төрт мемлекет – Никарагуа, Венесуэла, Науру және Сирия Абхазия мен Оңтүстік Осетияның "тәуелсіздігін" мойындаған. БҰҰ құжаттарында Абхазия мен Оңтүстік Осетия Грузия жері деп көрсетілген. Тбилиси бұл екі республиканы Ресей армиясы басып алған аймақ деп санайды.
ПІКІРЛЕР