Accessibility links

Ерғалиева мен Жақиянова бітімді талқыламақ боп тарасты


Гүлжан Ерғалиева, журналист. Алматы, 7 қазан 2015 жыл.
Гүлжан Ерғалиева, журналист. Алматы, 7 қазан 2015 жыл.

Журналист Гүлжан Ерғалиеваның бұрынғы оппозициялық саясаткер Ғалымжан Жақияновтың әйелінің үстінен түсірген арызы бойынша соттың төртінші отырысы өтті.

Қазанның 15-сі күні Алматының Бостандық аудандық азаматтық істер жөніндегі сотында судья Айгүл Абайделдинова журналист Гүлжан Ерғалиеваның Қарлығаш Жақияноваға (оппозициялық саясаткер Ғалымжан Жақияновтың әйелі) қарсы берген арызы бойынша басталған соттың төртінші отырысын өткізді.

Бүгінгі сотқа Қарлығаш Жақияновадан «өзі қарызға сеніп тапсырған 1 миллион долларды қайтаруын» талап еткен Гүлжан Ерғалиева мен оны қолдаушылар, бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) өкілдері, жауапкер Қарлығаш Жақиянованың адвокаты Инесса Киселева, тағы бір жауапкер Жанна Бектемірова қатысты.

Осы іс бойынша қазанның 7-сінде өткен сот отырысында талапкер Гүлжан Ерғалиева жауапкерлер қатарына Қарлығаш Жақияновадан өзге Ғалымжан Жақиянов пен Жанна Бектемірованы да шақыруды сұраған еді. Адвокат Инесса Киселева Қарлығаш Жақиянованың «2014 жылдың 11 қыркүйегі мен 2016 жылдың 31 желтоқсаны аралығында Кембридж колледжінің магистратурасында оқитыны және сабағынан босай алмайтыны туралы» ол оқу орнының анықтамасын оқып берді.

«9 МИЛЛИОН ДОЛЛАРДЫҢ» ДАУЫ

Бұл жолғы сот отырысы іске тікелей қатысы жоқ жайттарды талқылаудан басталды.

Қарлығаш Жақиянованың адвокаты Инесса Киселева «Қарлығаш Жақиянова дауласушы тараптың бірі болса да, сот аяқталғанша пікір жарияламауға келіскенін» айта келе:

Қарлығаш Жақиянованың адвокаты Инесса Киселева. Алматы, 7 қазан 2015 жыл.
Қарлығаш Жақиянованың адвокаты Инесса Киселева. Алматы, 7 қазан 2015 жыл.

– Гүлжан Ерғалиева соңғы кездері қоғам назарын аударып, жиі талқыланған бұл дауды сотқа қысым жасауға пайдаланып, қорғауымдағы адамның абыройына нұқсан келтіруге тырысқан, – деп мәлімдеді.

Ал Гүлжан Ерғалиева Қарлығаш Жақияновамен арадағы дауы туралы әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарына берген пікірі жөнінде «БАҚ сұрады – мен жауап бердім» деп мәлімдеді.

Қазан айының 7-сінде өткен сот процесінде дау шығарған мәселенің бірі – Гүлжан Ерғалиеваның «Свобода слова» газетін қанша ақшаға сатқаны туралы болған. Қарлығаш Жақиянованың адвокаты Инесса Киселева бұған дейінгі соттағы «газет 9 миллион долларға сатылған» деген сөзіне дәлел ретінде 2010-2011 жылдары БАҚ-та жарияланған бірнеше материалды судьяға ұсынды.

– Гүлжан Ерғалиева өткен жолғы сот отырысында «Свобода слова» газетіндегі үлесім 25 пайыз болды» деген еді, алайды бұрын ақпарат құралдарына берген сұқбатында «50 пайыз үлесім бар» деп өзі айтқан. Сол себепті Қарлығаш Жақиянова «Свобода слова» 9 миллион долларға сатылды деп есептеген. Бірақ ол нақты цифрлардан хабарсыз болуы да мүмкін, – дейді Инесса Киселева.

Газеттен кетердегі үлесім 50 пайыз болғаны рас. Алайда келісім бойынша маған 25 пайыз үлесіме 2,5 миллион доллар төленді де, қалған 25 пайызының ақшасы газетті әрі қарай күшейтуге жұмсалатын болды.
Гүлжан Ерғалиева.

Бұдан кейін сөз алған Гүлжан Ерғалиева 2005 жылы «Свобода слова» шыға бастағанда 100 пайыз үлесі өзінде болғанын, екі жылдан кейін оппозиция қаржылай жетекшілерінің бірі екінші құрылтайшы ретінде кіргенін, газет ұлғая келе үшінші құрылтайшы пайда болғанын» баяндады.

– Газеттен кетердегі үлесім 50 пайыз болғаны рас. Алайда келісім бойынша маған 25 пайыз үлесіме 2,5 миллион доллар төленді де, қалған 25 пайызының ақшасы газетті әрі қарай күшейтуге жұмсалатын болды. Бірақ оған қанша ақша салғанын білмеймін. Ешқандай да 9 миллион доллар болған жоқ, – деді Гүлжан Ерғалиева.

Ақыры судья Айгүл Абайделдинова «Свобода слова» газетінің қанша ақшаға сатылғанын бұл іске қосу маңызды емес» деп тауып, бұл даулы эпизодты жапты.

«1 МИЛЛИОН ДОЛЛАР ҚАРЫЗ БА, КӨМЕК ПЕ?»

Сот отырысының екінші бөлігі Қарлығаш Жақиянованың Гүлжан Ерғалиеваға берген қолхатының заңды күшіне арналды. Қарлығаш Жақиянованың адвокаты Инесса Киселеваның пікірінше, «қолхатта 1 миллион доллардың қарызға берілгені және қашан қайтарылатыны көрсетілмеген – сол себепті ол демеушілік көмек есебіне жатқызылады».

Қарлығаш Жақиянова.
Қарлығаш Жақиянова.

Ақшаның доллармен берілгеніне назар аудартқан Инесса Киселева «егер ол қарызға берілген ақша болса, онда Қазақстан заңына сай сол кездегі, яғни 2010 жылдың күзіндегі теңге бағамы бойынша қайтарылуы тиіс» дейді. Ол «Қарлығаш Жақиянова қарызды 2010 жылғы теңге бағамы бойынша төлегісі келеді» деп айтпағанын мәлімдеді.

Жарыссөзде сөйлеген Гүлжан Ерғалиеваның сөзінше, ол «Свобода слова» газетіндегі үлесін сатқаннан түскен 1 миллион долларды қалай сақтау туралы Ғалымжан Жақияновпен ақылдасқан – Жақиянов ол қаржыны Қытайдың Үрімші қаласына таяу маңнан сатып алған кен орындарының біріне жұмсау туралы ұсыныс айтқан.

– Жақияновпен сотқа дейін бірнеше рет сөйлестік, бірақ ол мәмілелесуден бас тартты. Биыл тамыздың 10-ында Алматыға келгенде де «ақшаны өзіңіз бердіңіз» дегенді айта бастады. Онымен бірге қандай да бір бизнес жасасам, заңды түрде тіркелер едім, – дейді Гүлжан Ерғалиева.

Гүлжан Ерғалиева Ғалымжан Жақияновқа ақша беріп, оның әйелі Қарлығаш Жақияновадан қолхат алғанда бүгін сотқа келген Жанна Бектемірова да болғанын, Ғалымжан Жақияновпен 2014 жылдан бері Skype арқылы сөйлескен сөздері сақтаулы екенін айтады.

Адвокат Инесса Киселева «Қарлығаш Жақиянова Гүлжан Ерғалиевадан 1 миллион доллар алғаны туралы қолхат берген сәтте Ғалымжан Жақиянов Қазақстанда болды ма, жоқ па?» деген сауалды ҰҚК шекара қызметіне жібергенін хабарлады. Гүлжан Ерғалиева бұған байланысты: «2010 жылы қыркүйектің 23-інде, 1 миллион доллар берген күннің ертеңіне Ғалымжан Жақиянов менің күйеуімнің 60 жылдық тойына қатысқанына 80 адам куә бола алады» деп мәлімдеді.

Адвокат Киселева «1 миллион доллар қарыз емес, демеушілік көмек ретінде танылса ғана келісуге мүмкіндік барын» айтты.

Қарлығаш Жақияновамен бітімге келуден үміті бар екенін айтқан Гүлжан Ерғалиева оның адвокаты Инесса Киселевадан «Бітім керек пе, жоқ па?» деп сұрады. Адвокат Киселева «1 миллион доллар қарыз емес, демеушілік көмек ретінде танылса ғана келісуге мүмкіндік барын» айтты.

Осыдан кейін судья Айгүл Абайделдинова екі тарап бітімгершілік келісімді талқылауы үшін қазанның 19-ына дейін сот отырысына үзіліс жариялайтынын хабарлады.

Гүлжан Ерғалиева Қарлығаш Жақияновадан «1 миллион доллар қарыз ақшасын қайтаруды, бірнеше жыл бойы ол ақшаның мүмкіндіктерінен түсуі ықтимал табысы ретіндегі 187 мың доллар көлемінде моральдық шығыны мен осы іске байланысты сот шығындарын өтеуді» талап етіп келеді.

Гүлжан Ерғалиева 2005 жылдан оппозициялық басылым ретінде танылған «Свобода слова» газетіндегі үлесін 2010 жылы «билікке қатысы бар жеке тұлғаға сатып», газеттен кеткен еді.

Павлодар қаласының бұрынғы әкімі, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» оппозициялық қозғалысы жетекшілерінің бірі болған Ғалымжан Жақиянов 2011 жылдан бері отбасымен бірге шетелде тұрып жатыр.

XS
SM
MD
LG