Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Талды ауылында жеке үйден өрт шығып, төрт бала қаза болды. Ақпаратты әуелі "Патриот" паблигі жариялады, кейін жергілікті төтенше жағдай департаменті растады.
Төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, өрт 23 ақпанда Қарқаралы ауданы Талды ауылындағы екі бөлмелі жеке үйде болған.
"23 ақпанда Қарқаралы ауданы Талды ауылында екі бөлмелі бір қабатты тұрғын үйде 10 шаршы метр аумақта тұрмыстық заттар, жиһаздар, терезе-есік бөліктері өртенді. 2019, 2020, 2021, 2022 жылғы балалар қаза болды" деп жазылған Қарағанды облыстық төтенше жағдай департаментінің хабарламасында. Балалар үйде жалғыз болған.
Департамент қайғылы оқиғаның себебі мен жай-жапсары анықталып жатқанын айтты.
Төтенше жағдай министрлігі төрт баланың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын, сараптама тағайындалып, тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Патриот" паблигінің жазуынша, балалардың ата-аналары болжам бойынша көршілеріне кеткен болуы мүмкін. Оқиға жұма күні кешкі сағат 18.00-де болған. Кей мәліметке қарағанда, өрттің шығуына пеш себеп болуы мүмкін.
Қазақстанда кейінгі кезде балалардың өрттен қаза болуы жиілеген.
- Былтыр қазанда Абай облысы Аягөз қаласында жеке үйлердің бірінен өрт шығып, құтқарушылар төрт баланың денесін тапқан.
- Оның алдында тамызда Павлодар облысында жеке үй өртеніп, бір нәресте мерт болды.
- Наурыз айында Алматы облысындағы Кепебұлақ ауылында үй өртеніп, 39 жастағы ер адам екі баласымен бірге қаза болды.
- 2022 жылы желтоқсанда Жамбыл облысында жеке тұрғын үйде болған өрттен екі бала қаза болды.
- Шамамен екі жыл бұрын Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде табиғи газдан иіс тиген бес адам өлі табылған. Олардың төртеуі – кәмелетке толмаған бала.
- 2021 жылы ақпанда Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы көп қабатты үйдің пәтерінен өрт шығып, бір үйдің бес баласы көз жұмды.
- Сол жылы Қызылорда қаласында уақытша баспана өртке оранып, үйде болған бес баланың кенжесі қазаға ұшырады. Қалған балаларды үйде болған анасы құтқарып үлгерген.
- 2019 жылы ақпан айында астананың "Көктал-1" ауылында көмірмен жылитын үй өртеніп, кішкентай бес қыз қаза болған. Ақпаратқа қарағанда, ата-анасы түнде жұмыста болған. Қайғылы оқиға көп балалы аналардың наразылығын туғызды. Олар үкіметтен баспанаға зәру отбасыларды үймен қамтамасыз етуді, әлеуметтік қолдауды күшейтуді, жеңілдік қарастыруды талап етті. Билік көп балалы аналардың кей талаптарын орындаған.
ПІКІРЛЕР