Accessibility links

Зерттеушілер жобаға қаржы алу қиындап кеткеніне ренжулі


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ғалымдар ғылыми жобаларға бөлінген қаржы өздеріне кеш жететінін, жетсе де толық тимейтінін айтады. Ал білім және ғылым министрлігі өкілінің сөзінше, «зерттеуге бөлінген қаржыға ортақтасушы көп».

Алматыда тұратын зерттеуші ғалым Темірхан (толық аты-жөнін айтпауды өтінді – ред.) білім және ғылым министрлігі бекіткен жобаларға бөлінген қаржы зерттеушілерге кешігіп жететінін айтады.

– Былтыр «Ғылым қоры» жобаға бөлінген қаржыны қараша айының басында беріп, сол айдың соңында есеп сұрады. Биыл шілде айында берген қаржысына қараша айында есеп сұрап отыр. Жобаға қаржы бөлінер-бөлінбесі белгісіз болғандықтан толық жұмыс істей алмаймыз. Сол себепті зерттеушілердің ісі де шала болады, қаржының қалай игерілгеніне есеп бере алмайды. Сөйтіп, қалған ақшамызды ала алмай жүрміз, – дейді ол.

Темірхан білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің жанынан құрылған «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының «ақша бере салып оған есеп сұрауы – ақылға қонымсыз» екенін айтады.

ҒЫЛЫМ МЕН АҚША

Мемлекеттік тапсырыс бойынша ғылыми жобамен шұғылдану үшін «Ғылым қорынан» алуы тиіс қаржыларын ала алмай жүргенін айтқан зерттеуші тек Темірхан ғана емес.

Азаттық тілшісі сөйлескен өзге ғалымдар да «жобаға тиесілі қаржыны ала алмай қалуымыз мүмкін және кейінгі жобалардан мүлде қағылуымыз ықтимал» деген қауіппен аты-жөндерін жасыруды өтіне отырып, бұл істің жас-жапсарын түсіндіріп берді.

Екі ортадағы делдал ұйымға ұқсайтын «Ғылым қоры» зерттеуге бөлінген қаржының 20 пайызына дейін ұстап қалады.

– Бір қызығы – бұрын зерттеушілер ғылым комитетіне есеп беретін. Соңғы екі жылда «Ғылым қорына» есеп беретін болдық. Екі ортадағы делдал ұйымға ұқсайтын «Ғылым қоры» зерттеуге бөлінген қаржының 20 пайызына дейін ұстап қалады. Бізден есеп қабылдайтындар – басқа саланың мамандары, – дейді зерттеушілердің бірі.

Бірақ Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бұрынғы директоры Саттар Мәжитов зерттеушілердің өздеріне тиесілі қаржыға қолы жете алмай жүруінің түпкі себебін басқаша көреді. Оның пікірінше, «зерттеушілерге азғантай ақшаны бөлшектеп беріп, одан сапалы зерттеу күтуге болмайды – аса қажетті зерттеулерге жеткілікті қаржы бөліп, өзекті емес зерттеулерге қаржы бөлмей-ақ қойған дұрыс».

– Әрине, кей зерттеушілер «қаржы бөлінгеннен кейін ғана іске кірісемін» деп ойлайды. Шын мәнінде зерттеулер алдын-ала ойластырылып, негізгі қаңқасы дайындалуы керек. Сонда мемлекеттен бөлінетін қаржы мен оның бюрократиялық кедергілеріне тәуелді болмайды. Ал мұндай зерттеулер бір ғана орталыққа қарап қалмай, түрлі балама көздерден қаржыландырылғаны дұрыс. Қазіргідей бір орталықтың қаржыны монополияландырып алғаны жөн емес, – дейді Саттар Мәжитов.

«ЗЕРТТЕУШІГЕ МАРДЫМСЫЗ ҚАРЖЫ ҚАЛАДЫ»

Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің жанынан құрылған «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының өкілдері зерттеушілердің қаржыға қатысты уәждерімен келіспейді.

– Келісімге қол қойған – зертеушілердің өздері. Шамасы келмесе, мойнына алмауы керек, өйткені қаржының қалай игеріліп жатқаны туралы біз де жоғарыға есеп береміз, – дейді «Ғылым қорының» зерттеушілер есебін қабылдайтын менеджері Сымбат Жаңбырбек.

«Ғылым қоры» акционерлік қоғамының жобаларды басқару департаментінің директоры Гүлнар Құрманғалиева «Қазақстан президенті әкімшілігінің тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін «Ғылым қоры» бөлген қаржы жалақы төлеуге арналмағанын, ол тек зерттеуге жұмсалуы тиіс» екенін ғана айтты.

Бұл ұйым зерттеулерден 20 пайыз емес, 5 пайыз көлемінде ғана қаржы ұстап қалуы мүмкін.

Білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті төрағасының орынбасары Амандық Төлешевтің сөзінше, «Ғылым қоры» зерттеушілердің есебін түгел алмай тұрып зерттеуге бөлінген ақшаның қалған бөлігін бере алмайды.

– Алайда бұл ұйым зерттеулерден 20 пайыз емес, 5 пайыз көлемінде ғана қаржы ұстап қалуы мүмкін. Зерттеуге жұмсалатын ақша университеттің ректорларына дейін үлкенді-кішілі лауазым иелеріне бөлініп кетеді де, зерттеушінің өзіне мардымсыз қалады, – дейді ол.

Амандық Төлешев зерттеушілерге бөлінген қаржы олардың қолына кешігіп тиетінін растайды. Оның сөзінше, келер жылдан бастап бұл салаға арналған қаржы жылдың басы – қаңтар айынан бастап бөлінбек.

XS
SM
MD
LG