Accessibility links

Армения референдумын қолдаушылар Украинаны да «мысал» етті


Оппозиция жақтастары референдум нәтижесіне наразылық танытып тұр. Ереван, 7 желтоқсан 2015 жыл.
Оппозиция жақтастары референдум нәтижесіне наразылық танытып тұр. Ереван, 7 желтоқсан 2015 жыл.

Қазақстандық саясаткерлер Арменияның парламент рөлін күшейту туралы референдум өткізуін әрқилы сипаттайды.

Армения президенті Серж Саргсян 2018 жылы өкілеті аяқталған соң билігін парламентке беруді қарастырған конституциялық өзгерістің мақұлдануын «Бұл – күшті билік пен күшті оппозиция бар екенінің, саяси партиялар рөлінің артқанының, олардың дамуына жаңа мүмкіндік берілгенінің белгісі» деп сипаттады.

Елде конституцияға реформа жасау туралы 6 желтоқсанда өткен референдумда дауыс бергендердің 63,5 пайызы билікті президенттен парламентке өткізуді қолдаған еді. Бірақ Арменияның оппозициялық күштері бұл референдумның нәтижесін мойындаудан бас тартып, «Саргсян осындай амалмен 2018 жылы екінші әрі соңғы президенттік өкілеттілігі аяқталған соң да билікте қала бергісі келеді» дейді.

«ЗАТЫ ӨЗГЕРМЕЙТІН ПАРЛАМЕНТТЕН ҮМІТ КҮТПЕЙМІН»

Арменияның Еуразия экономикалық одағындағы (ЕАЭО) әріптесі Қазақстандағы саясаткерлердің кейбірі «Ереванның парламент өкілетін күшейту туралы бастамасы орынды, бірақ әділ де ашық сайлау өткізбесе нәтиже шықпайды» деп біледі.

Қазақстан парламент сенатының бұрынғы депутаты, оппозициялық саясаткер, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» төрайымы Зәуреш Батталова Армения оппозициясының қаупін қисынды көреді.

Зәуреш Батталова, "Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры" қоғамдық қорының президенті. Алматы, 26 қараша 2013 жыл.
Зәуреш Батталова, "Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры" қоғамдық қорының президенті. Алматы, 26 қараша 2013 жыл.

– Әрине, парламенттік басқаруға көшу деген – ұсыныс дұрыс. Бірақ ол Армения президентінің билікке қайта келуі үшін жасалса, ондағы оппозицияның қарсылығын да түсінуге болады. Өз басым аты өзгергенімен, заты өзгермейтін парламенттен көп үміт күтпеймін. Тек сайлауды ашық, әділ өткізетін жағдай туғызса ғана сенуге болады, – дейді ол.

«Президенттік басқару арқылы да мүмкіндігінше ашық сайлау өткізіп, халықтың сенімін иеленген елдер жеткілікті» екенін айтқан Зәуреш Батталова Армениядағы конституциялық өзгерістің ақырғы нәтижесі сайлауда көрінеді деп біледі.

– Парламенттің рөлін күшейту туралы Қазақстан билігі де оқтын-оқтын айтады, бірақ ол – жай ғана косметикалық өзгерістер. Шын мәнінде парламенттік мемлекет құру үшін оған жоғарыдан жасалатын өзгерістер жеткіліксіз, – дейді оппозициялық саясаткер.

«САРГСЯННЫҢ БИЛІКТЕ ҚАЛҒАНЫ ЖӨН»

Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы депутаты Серікбай Әлібаев Армения оппозициясының қаупімен келіспейді.

Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы депутаты Серікбай Әлібаев.
Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы депутаты Серікбай Әлібаев.

– Армения оппозициясы «Серж Саргсян қайтадан билікке келеді» деп қауіптенгенімен, парламент сайлауында қандай күш жеңіске жететіні әзірге белгісіз. Меніңше, Армения оппозициясы бұл мүмкіндікті пайдаланып, сайлауды әділ өткізуге қол жеткізгені дұрыс, – дейді ол.

Арменияның бір одақтағы әріптесі Қазақстанның әзірше парламенттік басқару нысанындағы мемлекетке айналуы екіталай екенін айтқан Серікбай Әлібаев оның себебін «президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ондай ұсыныс жасай алмасымен» түсіндірді.

Парламент сенатының бұрынғы депутаты Тасбай Симамбаев Армения президенті Серж Саргсянның билікте қала бергенін хош көреді.

Армения президенті Серж Саргсян референдумда дауыс беріп тұр. Ереван, 6 желтоқсан 2015 жыл.
Армения президенті Серж Саргсян референдумда дауыс беріп тұр. Ереван, 6 желтоқсан 2015 жыл.

– Оппозиция айта береді. Серж Саргсянның Арменияны парламенттік республикаға айналдырғаны дұрыс. Армения – бізге одақтас ел. Серж Саргсян ЕАЭО-ға кіріп, Арменияны дұрыс бағытта ұстап отыр. Егер ол Украина секілді басқа жолға түсіп, қиратып жатса қайтесің. Сондықтан [Арменияда] қазіргі президентінің билікте қалғаны жөн, – дейді Тасбай Симамбаев.

Армениядағы референдум оппозициясының қарсылығы аясында өтті. Ол науқаннан бірнеше күн бұрын, желтоқсанның 1-інде Ереванда 3 мыңдай адам «биліктің президент Серж Саргсянның қолына өтуіне мүмкіндік беретін» конституциялық реформаларға қарсылық танытып, шеруге де шыққан.

Постсоветтік мемлекеттік арасында Балтық жағалауы елдерін қоспағанда Қырғызстан, Украина және Грузияда әр жылдардағы билік өзгерістерінен кейін парламенттің рөлі күшейтілген.

XS
SM
MD
LG