Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазанның 31-і күні азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа нұсқасына журналистердің көзінше қол қойды. Бұл кодекске елдің «құқықтық жұмысын әлемдік стандарттардың озық деңгейіне жеткізетін өзгерістер енгізілгенін» айтқан президент Назарбаев оны «халықтың сотқа сенімін күшейтіп, сот әділдігін орнатады» деп сипаттады.
Елде бұған дейінгі азаматтық іс жүргізу кодексі 1999 жылы қабылданып, оған бірнеше рет өзгеріс енгізілген.
Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа нұсқасын талқылауға қатысушылардың бірі, азаматтық құқықтық зерттеу ғылыми институтының директоры, профессор Төлеш Қаудыров бұл құжат халықтың құқығын қорғауды қаншалықты жеңілдетері жайлы да айтты.
Азаттық: – Жаңадан қабылданған азаматтық іс жүргізу кодексінің бұрынғы кодекстен қандай айырмашылығы бар?
Төлеш Қаудыров: – Жаңа кодексті құқықтық жүйедегі шын мәнінде үлкен жаңалық ретінде қабылдауға болады. Оның көздегені – сот процесін әртүрлі жолдармен жеңілдетіп, азаматтардың өз құқығын қорғауына қолайлы жағдай жасау.
Жаңа кодексте ең бірінші атап өтетін жайт – сот процесінің сатылары азайғаны. Бұрын бес саты болса, енді үш сатыға түсті – аудандық немесе қалалық сот, онымен келіспеген тарап апелляциялық сатыға көшеді. Тексеру-қадағалау сатысы алынып қалды. Мақсат – азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту. Өйткені «прокурорды кез-келген мәселеге араластырудың қажеті шамалы» деген пікірлер көптен бері айтылып келеді.
Бұдан былай күшіне енген сот шешімін тек кассация сатысында өзгертуге болады. Ал бұрынғы кодексте тағы екі саты – бақылау мен қадағалау инстанциясы болатын. Олардың бұрын қабылданған сот шешімін өзгерте алатын мүмкіншілігі болатын, ол енді жоқ.
Үшінші ерекшелік – жоғарғы соттағы кассациялық саты. Екінші саты облыстық соттардың қолында. Бұрын апелляция да, кассация да бір соттың ішінде болды. Бұрын ең көп талас туғызған мәселелердің бірі осы болатын. Біз облыс аралық бөлек кассациялық сот құрайық дегенбіз. Бірақ жаңа сот құру тағы да қаржылық шығынға әкелетіндіктен осылай болды. Әрине, үш сатыда сот жүргізу мерзімі айтарлықтай қысқарады.
Азаттық: – "Сотқа жүгінушілер сенімді өкілдері ретінде заңнан хабарсыз адамдарды жалдай беретін болды" деген пікірлер де айтылады. Кодекстің жаңа нұсқасында заңнан хабардар адвокаттың орнына заң білімі жоқ сенімді өкіл жалдау жайы ескерілген бе?
Жаңа кодекс бойынша енді заң білімі бар адам ғана сенімді өкіл бола алады.
Төлеш Қаудыров: – Жаңа кодекстегі жаңалықтың бірі осы соттағы өкілдікке байланысты. Сотта қазір тараптардың туыстары өкіл бола алады. Сонымен қатар сырттан жалдайтын өкілдері де сенімхат арқылы сотқа қатысады. Жаңа кодекс бойынша енді заң білімі бар адам ғана сенімді өкіл бола алады. Өйткені кей-кездері заңнан мүлде білімі жоқ адам сотқа қатысса, сот процесінде іске қатысы жоқ мәселелерді қозғап, негізгі мәселеден ауытқып кетеді. Өзі қорғап отырған адамның өмірбаянына дейін баяндап, кейде саясатты да айтып кетеді. Сот пікір таластыратын немесе үгіт жүргізетін жер емес. Сондықтан тек іске қатысы бар мәселені қозғай алатын заңгер істі тезірек қарауға мүмкіндік береді.
Азаттық: – Жергілікті жерлерде, аудандық деңгейде сотқа сенімді өкіл ретінде қатыса алатын заңгерлер табыла ма?
Төлеш Қаудыров: – Аудандарда жоғары білімді заңгерлер де, адвокаттар да жеткілікті.
Азаттық: – Жаңа қабылданған кодекске «Дауларды соттан тыс реттеу» деп аталатын тарау енгізілген. Бұл «азаматтар сот процесіне қатыспай-ақ сот шешімін ала алады» деген сөз бе?
Қазір соттан бір тарап қана риза болып шығады. Міндетті түрде біреуі жеңіп, екінші тарап жеңіледі. Яғни сот екі тарапты бітімге келтірмейді, одан сайын ажыратады.
Төлеш Қаудыров: – Байқасаңыз, қазір соттан бір тарап қана риза болып шығады. Міндетті түрде біреуі жеңіп, екінші тарап жеңіледі. Ал жеңілген тарап сот туралы түрлі пікірді көбейтеді. Яғни сот екі тарапты бітімге келтірмейді, одан сайын ажыратады. Сол себепті ұзақ сот процесінен өткеннен гөрі өзара келісімге келу екі тарапқа да тиімдірек болады. Яғни мәселені медиация арқылы шешуге болады. Медиация даулы мәселе бойынша тараптарды белгілі бір келісімге жетуге көмектеседі. Яғни заң мен сот жағдайын білетін, психологиядан да хабары бар медиатор екі тарапты қол алыстыруға тырысады. Мұндайда сот отырыстары болмайды, екі тарап медиациялық бөлмеде келісіп кете береді. Бірақ келісімді сот бекітеді, өйткені келісім орындалуы керек. Медиациялық жолмен келіскенде сот алымын төлеудің керегі жоқ, ұзақ уақыт күту де керек емес. Мұндай келісімнен кейін екі тарап та шешімге мойынсұнып шығады.
Азаттық: – Кодекстің бұл жаңа нұсқасы жеткілікті дәрежеде талқыланды ма?
Төлеш Қаудыров: – Меніңше мамандар арасында жеткілікті талқыланды. Сайттарда жарияланды, кез-келген адамның пікір қалдыруына мүмкіндік берілді.
Азаттық: – Сұқбатыңызға рақмет.