Ерғалиева Жақияновтың әйелін сотқа берді

Гүлжан Ерғалиева, журналист. Алматы, 7 қазан 2015 жыл

Қазанның 7-сі күні журналист Гүлжан Ерғалиеваның бұрынғы оппозициялық саясаткер Ғалымжан Жақияновтың әйелінің үстінен түсірген арызы бойынша соттың үшінші отырысы өтті.

Алматыдағы Бостандық аудандық азаматтық істер жөніндегі сот судьясы Айгүл Абайделдинова жүргізген отырысқа жауапкер Қарлығаш Жақиянова келмеді. Оның адвокаты Инесса Киселеваның айтуынша, Қарлығаш Жақиянова қазір АҚШ-та оқитындықтан сотқа қатыса алмайды. Одан өзге сот отырысына Гүлжан Ерғалиева мен оның отбасының мүшелері, бірнеше қоғамдық белсенді мен жергілікті ақпарат құралдары қатысты.

«СЕНІМДІ ЖЕРДЕ САҚТАУ»

«ADAM bol» журналының бұрынғы бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның «өзі қарызға сеніп тапсырған бір миллион долларды қайтарып алу» жөнінде сотқа шағымданғаны туралы алғашқы ақпарат қазан айының басында «Трибуна» газетінде жарияланған болатын. Аталған газетке сұхбатында ол өзінен ірі көлемде қарыз алушының аты-жөнін атаудан бас тартып, әлі де мәміле жасаудан үмітті екенін, қазан айының 7-сіне дейін күте тұратынын айтқан.

Тек бүгін Facebook әлеуметтік желісінде «АDAM bol» журналының тілшісі Мирас Нұрмұхамедовтің ақпарат құралдарын сотқа шақырған жазбасынан кейін қарыз алушының бұрынғы оппозициялық саясаткер Ғалымжан Жақияновтың әйелі Қарлығаш Жақиянова екені мәлім болды.

Сәрсенбі күнгі сот отырысын жүргізген судья Айгүл Абайделдинова екі тарап мәмілеге келмегендіктен сот отырысын әрі қарай жалғастыратынын хабарлады.

Осыған дейінгі сот отырыстарында Гүлжан Ерғалиева Қарлығаш Жақияновадан 1 миллион доллар қарыз ақшасын қайтаруды және бірнеше жыл бойы ол ақшадан түсуі мүмкін табыс ретінде 187 мың доллар көлемінде моральдық шығын мен осы іске байланысты сот шығындарын өтеуді талап еткен.

Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, ол «Свобода слова» газетіндегі үлесін сатқан соң 2010 жылы қыркүйек айында ақшаның бір бөлігін, яғни 1 миллион АҚШ долларын Ғалымжан Жақияновқа берген.

- Ол кезде банк дағдарысы, басқа да экономикалық қиындықтар болды. Сондықтан 1 миллион долларды сенімді жерде сақтауды көздедім. Бұл ақшаны қалған өміріме жұмсаймын, балаларыма қалдырам деп ойладым. Пекинде жүрген Ғалымжан Жақияновқа барып та ақылдастым. Оның ұсыныстарын мақұлдап, 1 миллион долларды Алматыға келген кезінде 2-2,5 жылға қарызға бердім. 2012 жылдан бастап сұрай бастадым, бірақ түрлі сылтаумен кейінге қалдыра берді. Ақшаны алған кезде Ғалымжан Жақиянов әйелі Қарлығаш Жақияноваға қолхат жаздырған. Сол себепті Қарлығаш Жақиянова жауапкер болады, - дейді ол.

«ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ РЕТІНДЕ ҚАБЫЛДАУ»

Сот отырысында Гүлжан Ерғалиеваның сұрақтарына жауап берген адвокат Инесса Киселева өз қорғауындағы Қарлығаш Жақиянованың Гүлжан Ерғалиевадан ақша алғанынын мойындайтынын хабарлады. Бірақ оның айтуынша, «Қарлығаш Жақиянова 1 миллион долларды қарыз ретінде емес қайырымдылық ретінде қабылдаған. Алайда соған қарамастан Қарлығаш Жақиянова Гүлжан Ерғалиевадан алған ақшасын қайтарып бермекші, дегенмен 2010 жылғы, яғни ақшаны алған кездегі доллардың теңгеге шаққан бағамы бойынша қайтармақшы».

Инесса Киселева, Қарлығаш Жақиянованың адвокаты. Алматы, 7 қазан 2015 жыл

Инесса Киселеваның айтуынша, «Қарлығаш Жақиянова күйеуі Ғалымжан Жақиянов бұрын «Свобода слова» газетіне бірнеше рет қомақты қаржылай көмек көрсеткендіктен, кейін ол газеттегі үлесін 9 миллион долларға сатқан Гүлжан Ерғалиева қайырымдылық жасады деп түсінген».

Инесса Киселева айтқан бұл деректен кейін Гүлжан Ерғалиева «9 миллион доллар туралы жалған ақпарат таратып, жала жапқаны үшін» Қарлығаш Жақиянованың үстінен арызданып тағы да сотқа жүгінетінін айтып, «Свобода слованың» 9 миллион долларға сатылғанын дәлелдеуді сұрады. Адвокат Инесса Киселева бұл сөзді Қарлығаш Жақияновадан естігенінен өзге дәлел келтіре алмады.

Ал Гүлжан Ерғалиеваның сөзінше, «Свобода слова» газетіне бастапқыда қаржылай қолдау жасағандардың ішінде Ғалымжан Жақиянов мүлде болмаған. Кейін таралымы өскен соң газет өзін ақтаған. «Свобода слова» газетін 2,5 миллион долларға сатқанын растайтын құжаттар қолында бар екенін алға тартқан ол осыдан кейін судья Айгүл Абайделденовадан жауапкер қатарына Қарлығаш Жақияновтан бөлек, Ғалымжан Жақиянов пен оның қарындасы Жанна Байтемірованы қосуды сұрады. Ерғалиеваның сөзінше, «ақшаны алған кезде аталған екеуі де болған және 1 миллион долларды Ғалымжан Жақиянов шетелдегі бизнесіне салған».

Гүлжан Ерғалиеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, "қазір Қытайда бизнеспен шұғылданып жүрген Ғалымжан Жақиянов 1 миллион доллар қарыз ақша туралы бір жылдан бері сөйлесуді қойған".

ЖАҚИЯНОВТЫҢ ҮНСІЗДІГІ

Қарлығаш Жақиянованың адвокаты Инесса Киселева Азаттық тілшісіне «бұл істің ешқандай саяси астары жоқ» дегеннен өзге пікір айтудан бас тартты. Қарлығаш Жақиянова Гүлжан Ерғалиеваға берешек ақшаны нақты қашан қайтаруды көздеп отырғаны туралы сұрақ та жауапсыз қалды. Азаттық тілшісінің тіке жолдаған сұрауына орай хабарласқан Қарлығаш Жақиянова сот процесі біткенше комментарий бере алмайтынын айтты. "Сот біткен соң сұхбат беруге уәде берем" деп жазды Жақиянова. Ал Гүлжан Ерғалиева бүгінгі сот отырысынан кейін де «ақшаның қашан қайтарылатыны туралы» жауап ести алмағанына наразы болды. Жауапкер қатарына Қарлығаш Жақияновадан өзге Ғалымжан Жақиянов пен оның қарындасы Жанна Байтемірованы қосу және Қарлығаш Жақиянованы сотқа келтіру жөніндегі Гүлжан Ерғалиеваның өтінішін қарау үшін сот отырысы қазанның 15-іне қалдырылды.

Ғалымжан Жақиянов әйелі Қарлығашпен.

2005 жылдан жарық көріп, «оппозициялық басылым» ретінде танылған «Свобода слова» газетіндегі үлесін Гүлжан Ерғалиева 2010 жылы сатып, өзі газеттен кеткенін хабарлаған. Журналист кейін шығарған «ADAM bol» және «ADAM» журналдары биыл сот шешімімен бірінен соң бірі жабылған болатын.

2001 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынап шыққан «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы жетекшілерінің бірі, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақияновты 2002 жылы Павлодар соты «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін» 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Қамаудағы мерзімінің жартысын өтеген соң, 2006 жылдың қаңтарында Екібастұз қалалық сотының шешімімен мерзімінен бұрын шартты түрде босап, бостандыққа шыққан Жақиянов «шетелге емделуге кеткен». 2009 жылы көктемде кейбір қазақстандық БАҚ-та «Ғалымжан Жақиянов басқа қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылу мүмкін» деген хабар тараған. 2013 жылы forbes.kz сайтына берген сұхбатында ол бизнеспен айналысатынын, екі ұлы секілді өзінің де АҚШ университетінде оқитынын айтқан. Түрмеден босап шыққалы бері Ғалымжан Жақияновтың Қазақстандағы саяси-қоғамдық өмірден шеттегені байқалған.

Your browser doesn’t support HTML5

Ерғалиева - Жақиянов соты