Футболдан Ұлттар лигасында Қазақстан Норвегиядан ойсырай жеңілді

Футболдан Қазақстан құрамасы. Алматы, 14 қараша, 2024 жыл.

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының соңғы ойынында Норвегия құрамасынан жеңіліп қалды. Ослода өткен ойында норвегтер 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Бірінші тайм 3:0 есебімен аяқталып, Норвегия құрамасы озып шықты. Бұл құраманың танымал ойыншысы, "Алтын допқа" үміткерлердің бірі Эрлинг Холанд осы ойында хет-трик жасады (үш гол соқты), оның екеуін Қазақстан командасының қақпасына матчтың бірінші жартысында салды. Одан бөлек Александер Сёрлот (бірінші таймда) пен Антонио Нуса (екінші таймда) да бір-бір голдан соқты.

Қазақстан Ұлттар лигасының (Nations League) биылғы маусымында В деңгейінде ойнады. Жеребе тартқанда Қазақстан құрамасы Австрия, Норвегия және Словениямен бір топқа түсті.

Ресейлік бапкер Станислав Черчесов жаттықтыратын Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы дивизионда ойнаған алты матчта бірде-бір гол соқпай, өз қақпасына 15 гол жіберіп алып, 1 ұпаймен соңғы орынды иеленді. Қазақстан С дивизионына түсіп қалды. Норвегия құрамасы 13 ұпаймен топта бірінші орын алып, А дивизионына шықты, екінші орынды Австрия (11 ұпай), үшінші орынды Словения (8 ұпай) алды.

8 қарашада Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов қызметінен кетті. Ол федерацияны 2022 жылғы ақпаннан бері басқарған. Бұл аралықта Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының С дивизионындағы тобында жеңіске жетіп, В дивизонына көтерілген. Еуро-2024 турниріне жолдама алуға жақын болып, Словениядан, одан кейін Грекиядан жеңілді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Французша сөйлеп тұрсың ба?" Ресейлік бапкер Черчесов тағы да қазақ тіліне байланысты сынға ұшырады