Қарағанды облысы Саран қаласында жұрт жылусыз отырғаны хабарланды

Қарағанды облысы Сарань қаласы.

Қарағанды облысы Саран қаласындағы үйлерде жылу жоқ. Бұл туралы 13 қазанда "Вечерняя Караганда" басылымы хабарлады. Облыс орталығы Қарағанды қаласынан 25 шақырым жердегі Саран қаласында, ресми дерек бойынша, 43 мыңға жуық адам тұрады.

Басылым "Саран қаласындағы пәтерлерге әлі жылу берілмеген. Тұрғындардан көп хат келіп жатыр. Бәрі батареялар салқын екенін, жаурап жатқанын жазып жатыр" деп хабарлады. Жексенбі күні қалада ауа температурасы күндіз – 1, түнде -8 градусқа түскен.

Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов жылу жоғын растап, қаланың жылу жүйесі "жаңартылғанын", бүгін орталық жүйелер арқылы "жылу бере бастағанын" айтты. Ол тұрғындардан кешірім сұрады.

Қазақстанда жылу орталықтарында жиі апат болып, тұрғындар жиі жылусыз қалады. Былтыр энергетика министрлігі 2023 жылы жылу-энергетика нысандарын жөндеуге 146 миллиард теңге бөлінгенін, жылу беру маусымына дайындық жоғары деңгейде болғанын мәлімдеген. Алайда биылғы қыста да бірқатар өңірлерде қатты аяз кезінде жылу орталықтарында апат болып, жылу жүйесі мен электр станциялары істен шықты.

Былтыр қараша соңында Екібастұз жылу электр станциясында ірі апат болып, содан кейін елде жылу желілерінің әбден тозғандығы және инфрақұрылымдарды жаңалау үшін тарифтерді көтеру қажеттігі айтылған. Үкімет 2022 жылы желтоқсанда елдегі барлық 37 ЖЭС-тің 19-ы тозудың "қызыл" деңгейінде, 11-і "сары" деңгейде деп мәлімдеген еді. Тек жеті орталық "жасыл" аймақта қалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тоқаев 19 жылу орталығын жаңартуды биыл аяқтауды тапсырдыБір теңгеге сатып алған, миллиардтаған шығын қалған. Риддердегі ЖЭО мемлекетке қалай өтті?Энергетика министрі: жылу орталықтарында апаттың алдын алу мүмкін емесЕкібастұз, Риддер және күллі Қазақстан: қысқа дайындық қалай?