9 тамызда Павлодар облысы Береговое ауылындағы жеке үйлердің бірі өртеніп, бір нәресте мерт болды. Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдай департаменті хабарлады.
Құтқарушылардың мәліметінше, өрт кезінде ата-анасы 2019 жылғы ер баланы үйден шығарып үлгерген. Оның кейбір жері күйіп қалған, бірақ ауруханаға жатқызуға қажеттілік болмаған.
"9 тамыз сағат 10:29-да Тереңкөл ауданы Береговое ауылында жеке үй өртеніп жатқаны туралы ақпарат түсті.... Өрттен 2019 жылғы бір бала зардап шеккен. Ұл баланың денесін 1-2 дәрежедегі күйік шалған. 2021 жылы туған бір нәресте мерт болды" деп жазылған департамент хабарламасында.
Өрт туралы ақпарат түскеннен кейін екі сағаттан соң өрт сөндірілген.
Оқиға орнында екі техника және жеке құрамның 8 мүшесі жұмыс істеген. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, өрт аумағы – 80 шаршы метр.
Төтенше жағдай департаменті таратқан видеоларда үйдің тұтас өртенгені көрінеді. Құтқарушылардың айтуынша, үйде көп балалы отбасы тұрған. Өрт болған кезде анасы аулада болған, отбасы 8-баланың дүниеге келуін күтіп отыр, деді құтқарушылар.
Өрттің неден шыққаны белгісіз. Полиция оқиғаға түсініктеме бермеді.