"Хабар" агенттігі мен бұрынғы ақпарат министрі, қазір әлі ресми тіркеуден өтпеген “Нағыз Ақ Жол” партиясы тең төрағаларының бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының арасындағы сот ісіне қатысты шешім жария болды.
Маусымның 13-күні таңертеңгі сағат 9 -да Медеу аудандық сотының судьясы Нұрсерік Шәріпов, “Хабар” агенттігі мен Қазақстанның “Нағыз Ақ жол” демократиялық партиясы тең төрағаларының бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының арасындағы іске қатысты шығарылған сот шешімін жарты сағат оқыды.
Сот төрешісі өз іскерлік беделіне нұқсан келді деп санаған “Хабар” агенттігінің талабын жекелей алғанда қанағаттандыру жөнінде шешім шығарды. Судья Нұрсерік Шәріпов сот шешімімен Қазақстанның бұрынғы ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлын “Хабар” агенттігінің пайдасына агенттік заңгерлері талап еткендей, 50 миллион емес 1 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге және агенттіке қатысты тағылған айыптарды терістеп, баспасөз бетінде арнайы материал жариялауға міндеттеді.
Сот шешімімен кейін Азаттық радиосына берген сұхбатында Алтынбек Сәрсенбайұлы бұл шешіммен өзінің келіспейтінін және сот ісі әділетсіз түрде өтті деп санайтынын айтты.
- Бұл мүлдем әділетсіз шешім. Тіпті, “Хабар” агенттігі мойындаған фактілердің өзін, сот шығарған шешімінде дәлелденбеді деп жазған, - деді А.Сәрсенбайұлы.
«Хабар» агенттігінің заңгері Қайрат Сахариянов жалпы алғанда сот шешіміне риза екенін білдірді.
- Біз талап еткен 50 миллион теңге көлеміндегі моральдық өтемақы толықтай өтелмеді. Бірақ, біз үшін ең бастысы, агенттікке тағылған айыптаулар жалған деп табылды.
Мамырдың 30-да басталған сот барысында «Хабар» агенттігінің заңгерлері Қазақстанның “Нағыз Ақ жол” демократиялық партиясы тең төрағасы әрі «Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қозғалысының төралақа мүшесі Алтынбек Сәрсенбайұлының «Республика. Деловое обозрение» газетіне 2004 жылы қазанның 1-і күні берген сұхбатында, «Хабар» агенттігіне бірқатар айыптаулар тағып, агенттіктің іскерлік беделіне нұқсан келтірді деген болатын.
Сәрсенбайұлы аталған сұхбатта, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева, Қазақстандағы ірі медиахолдингтің иесі, ол өз қоластына елдегі ірі электронды ақпарат құралдарын тегіс дерлік қаратып алды, “Хабар” агенттігінің 50 пайыз акциясы жекеменшіктің иелігінде болғандығына қарамастан, олар бюджет ақшасына қол салып отыр, ал жекеменшік “ОРТ – Евразия” телеарнасына “Хабар” агенттігі арқылы мемлекеттен ақша аударылады деген еді. Ал қазір А.Сәрсенбайұлы бұл айтылған жайлардың барлығына дәлелі бар екендігін, бірақ сотта бұл дәлелдерді жариялауға мүмкіндік бермегенін айтады.
- Менің қолымда, «Хабар» агенттігінің акционерлері кім, олар бюджетке бір тиын да төлемей, агенттіктің 50 пайыз акциясын қалай және қашан сатып алды деген сұрақтарға жауап беретін, «Хабар» акционерлерінің Дариға Назарбаеваның отбасына қандай қатысы бар екенін дәлелдейтін құжаттар, «НТК» телеарнасы кімнің қолында екендігін айғақтайтын АҚШ-тағы «Қазақгейт» ісін жүргізіп жатқан прокурордың айыптау құжаттарында келтірілген деректер, Борис Гиллердің өзінен «КТК» телеарнасы мен «Караван» газетін Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің қалай тартып алғаны жөнінде куәгерлік хаты, «ОРТ-Евразия» телеарнасының жекеменшік құрылтайшылары «Хабар» агенттігінің де жекеменшік құрылтайшылары екендігін көрсететін материалдар бар. Бірақ, сотта солардың бәрін көрсетуге маған мүмкіндік бермеді.
Бұрынғы ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы сот шешімімен келіспейтінін айтып, «Хабар» агенттігі мен Дариға Назарбаеваға қатысты қолындағы құжаттарды алдағы уақытта жұртшылыққа жария ететінін мәлімдеп отыр.
- Мен мұның бәрін баспасөз бетіне жариялаймын. Қалалық сотқа, тіпті жоғарғы сотқа дейін талап арыз жазып, бұл мәселенің аяғына дейін жетуге тырысамын.
Сот тыңдауына қатысқан тәуелсіз журналист Сейдахмет Құттықадам сот шешіміне байланысты бірнеше ой айтады:
- Біріншіден, бұл - Сәрсенбайұлының аяқ-қолын байлау, екіншіден, өзгелерді қорқыту, үшіншіден – алдағы президент сайлауына байланысты ақпарат алаңын тазалау.
Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Маржан Аспандиярова бұл оппозиция өкілдерінің үстінен басталған сот істерінің кезектісі ғана деген пікірде:
- Баспасөз бетінде көптеген адамдар онсыз да, «біз телеарналардың айтқандарына сенбейміз, ақпарат құралдарының көпшілігі белгілі адамдардың қолында» деп жазып та, айтып та жатыр. Бірақ, солардың ешбіреуін ешкім жауапқа тартқан жоқ. Ал, «Хабар» агенттігінің Алтынбек Сәрсенбайұлын тектен-текке сотқа сүйреп жатқан жоқ. Мақсат айқын - ол оппозиция жетекшілерінің бірі болғандықтан, оны қайткен күнде де алдағы президент сайлауына жібермеу және халықтың арасында оппозиция өкілдерінің бәрі даукес, сотталғандар деген пікір қалыптастыру.
Заң бойынша жауапкер шешім шыққаннан кейін 15 күн ішінде сот шешіміне қарсы талап арыз бере алады. Бұрынғы ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаұйлы бұл іс бойынша барлық сот сатыларынан өтіп, өз ісінің дұрыстығын дәлелдеп, күресуге дайын екенін айтып отыр.